Jaisandar OpenStreetMap (OSM) деректерін пайдаланып, Алматыдағы мектеп ғимараттарының интерактив картасын жасады. Картада мектептер, гимназиялар, лицейлер, мектеп-гимназиялар, мектеп-лицейлер және арнайы білім беру нысандары жеке санаттарға бөлініп көрсетілген.
OSM дерегі бойынша Алматы аумағында картаға енгізілген 353 мектеп нысаны анықталды. Оның 300-і жалпы мектеп, 18-і мектеп-гимназия, 9-ы гимназия, 5-еуі лицей, 2-еуі мектеп-лицей, тағы 19 нысан арнайы мектеп, интернат немесе өзге мамандандырылған білім беру ұйымдарына жатады.
Карта қалай жұмыс істейді?
Картада әр мектеп нүктемен емес, ғимараттың нақты контурымен көрсетілген. Қажетті санатты таңдап, мысалы тек гимназияларды немесе лицейлерді бөлек көруге болады.
Картаны бірнеше есе жақындатып, нақты аудан мен көшеге дейін қарауға мүмкіндік бар. Мектеп ғимаратының үстіне курсорды апарғанда немесе оны басқанда нысанның атауы, түрі және қай ауданда орналасқаны көрсетіледі.
Кей мектептің атауы неге жоқ?
OSM — ашық картографиялық база. Сондықтан ондағы ақпараттың толықтығы әр нысан бойынша әртүрлі. Алматыдағы анықталған 353 мектеп ғимаратының 144-інде ғана атауы көрсетілген. Қалған нысандар OSM-де мектеп ретінде белгіленгенімен, атауы енгізілмеген.
Сол себепті бұл картаны Алматы мектептерінің ресми мемлекеттік реестрі деп қарастыруға болмайды. Ол ашық OSM деректеріне негізделген және қаладағы білім беру нысандарының кеңістікте қалай орналасқанын көруге арналған.




