Күнделікті сервистерден киберқауіпсіздікке дейін: ресейлік технологиялық бизнестің Қазақстандағы ізі
Jaisandar Ресейде құрылған немесе ресейлік технологиялық бизнеспен байланысты 21 цифрлық платформаны зерттеді. Олардың бәрі Қазақстанда жұмыс істейді: жергілікті заңды тұлғасы, кеңсесі, дата-орталығы немесе серіктестер желісі бар. Компаниялар төрт салаға бөлінді: күнделікті сервистер, бизнес бағдарламалары, бұлт және хостинг, киберқауіпсіздік.
Күнделікті сервистер: 6 бренд
Қазақстандықтар күнде қолданатын қызметтердің біразы ресейлік технологиялық компанияларға тиесілі.
- Яндекс — елде Yandex Qazaqstan қызметтері жұмыс істейді, Yandex Cloud-тың өңірі ашылған.
- 2ГИС — 2025 жылғы Премия 2ГИС Қазақстанның 17 қаласын қамтыды.
- Ozon — «ОЗОН Маркетплейс Казахстан» ЖШС арқылы жұмыс істейді.
- Wildberries — қазақстандық сатушыларға арналған жеке ережелері мен кабинеті бар.
- HeadHunter — сайттың Қазақстандағы операторы «HEADHUNTER.KZ» ЖШС.
- СДЭК — елде серіктестік желісі мен жеткізу қызметтері бар.
Бизнес бағдарламалары: 6 бренд
Қазақстандық кәсіпорындардың бухгалтериясы, қоймасы мен сатылымы көбіне ресейлік бағдарламаларда жүргізіледі.
- 1С — ресми сайтында Қазақстанда 150 мың пайдаланушы мен 800-ден астам серіктес бар екені көрсетілген.
- Битрикс24 — 1С-Битрикс Қазақстан нарығында 2013 жылдан бері жұмыс істейді.
- amoCRM — жергілікті лицензиаты AMOCENTRAL ЖШС.
- МойСклад — 2022 жылы Алматыда кеңсе ашты.
- iiko мен r_keeper — мейрамханаларды автоматтандыру жүйелері, елде дистрибьюторлары мен дилерлері бар.
Бұлт және хостинг: 4 бренд
Бұл компаниялар Қазақстандағы деректер мен сайттарды сақтайтын инфрақұрылымды ұсынады.
- VK Cloud — 2026 жылы Қазақстанда екінші қолжетімділік аймағын ашты.
- Timeweb Cloud — Алматыдағы дата-орталықта сервер ұсынады.
- RuVDS — Алматыдағы «Транстелеком» дата-орталығында сервер жалға береді.
- ИТ-ГРАД — қазақстандық бұлттық қызметтері мен жергілікті инфрақұрылымы бар.
Киберқауіпсіздік: 5 бренд
Компаниялар мен мекемелердің деректерін қорғау саласында да ресейлік әзірлеушілер бар.
- Kaspersky — Қазақстанға арналған өнімдері мен жергілікті байланыс кеңсесі бар.
- Dr.Web — Орталық Азия өкілдігі арқылы жұмыс істейді.
- SearchInform — Алматыда кеңсесі бар.
- InfoWatch — Қазақстанда кеңсе ашқанын жариялаған.
- Positive Technologies — 2025 жылғы есебінде Қазақстанды жұмыс географиясына қосқан.
Неге маңызды?
Бұл компаниялар экономиканың әртүрлі деңгейінде жұмыс істейді. Біреулері тұтынушымен тікелей байланысады: сауда, карта, жұмыс іздеу. Енді біреулері бизнестің ішкі жүйесінде отыр: есеп, CRM, қойма. Ал бұлт пен киберқауіпсіздік компаниялары деректердің өзін сақтап, қорғайды.
Әдістеме
Тізімге Ресейде құрылған немесе ресейлік технологиялық бизнеспен байланысты, Қазақстанда қызметі расталған брендтер енді. Әр компания туралы дерек оның ресми сайтынан, жария құжаттарынан немесе баспасөз хабарламасынан алынды. Дереккөз сілтемесі инфографикада логотипті басқанда ашылады. Yandex Cloud Яндекс құрамында есептелді.
Бұл тізім заңды тұлғалардың толық реестрі емес. Инфографикадағы ұяшықтар бірдей көлемде, яғни нарық үлесін көрсетпейді.




