Kaspi.kz, Halyk және Freedom — жай банк ретінде емес, тұтас цифрлық экожүйе ретінде салыстып көпейік. Банктер енді ақшаны ғана сақтамайды: олар адамның күнделікті өмірінің қанша бөлігін өз ішінде ұстап қалуға тырысып жатыр?
Қазақстанда банк емес, экожүйе жарысы жүріп жатыр
Kaspi, Halyk және Freedom-ның қосымшасына қарасаңыз, үшеуі де банк қызметінен әлдеқашан шығып кеткен. Қазір бір қосымшаның ішінде төлем жасауға, тауар сатып алуға, билет алуға, несие рәсімдеуге, инвестиция салуға немесе мемлекеттік қызмет пайдалануға болады.
Бірақ үш компанияның осы деңгейге жету жолы әртүрлі. Kaspi экожүйені төлем мен сауданың айналасына құрды. Halyk дәстүрлі банктің үлкен клиенттік базасына жаңа сервистерді қосып жатыр. Freedom қаржыдан бастап телеком, сақтандыру, азық-түлік жеткізу мен медиаға дейін барған әлдеқайда кең модель жасап келеді.

Kaspi: бәрі бір транзакцияның айналасында
Kaspi-дің құрылымы ең түсінікті. Компания экожүйесін ресми түрде үш негізгі платформаға бөледі: Payments, Marketplace және Fintech. Олардың бір-біріне байланысы өте тығыз. Адам Kaspi QR арқылы төлейді, сол қолданбадан тауар сатып алады, бөліп төлеуді рәсімдейді, ал сатушы Kaspi Pay арқылы төлем қабылдап, жарнама немесе жеткізу қызметін пайдаланады.
Экожүйеге қазір Marketplace, Kaspi Travel, e-Grocery, автокөлік пен автобөлшектерге арналған e-Cars, мемлекеттік қызметтер, Kaspi Delivery, постоматтар, жарнама және кәсіпкерлерге арналған сервистер кіреді. 2025 жылы компания Kaspi Alaqan — алақан арқылы төлемді де іске қосты.
Мұндағы ең маңызды көрсеткіш — қолданушының сервисті қаншалықты жиі ашатыны. Kaspi-дің қазіргі инвесторлық дерегінде Super App-тың орташа айлық аудиториясы шамамен 16,2 млн адам, ал MAU-дың 68%-ы қолданбаны күн сайын пайдаланады. Белсенді клиент орта есеппен айына 77 операция жасайды.
2026 жылдың екінші тоқсанында Kaspi арқылы жасалған төлемдердің көлемі 12,65 трлн теңгеге, Marketplace айналымы 2,29 трлн теңгеге жетті. Fintech сегментіндегі орташа таза несие портфелі 7,24 трлн теңге болды.
Яғни Kaspi моделінің логикасын былай көрсетуге болады:
төлем → сауда → бөліп төлеу/несие → жеткізу → қайта төлем
Компания бір клиентті әртүрлі жеке сервистерге таратпай, бір операциядан екіншісіне өткізуге тырысады.
Halyk: банк клиентін экожүйеде ұстау
Halyk-тың бастапқы позициясы басқа. Оның негізінде депозит, жалақы картасы, несие, бизнес-банкинг сияқты классикалық банк өнімдері жатыр. Енді осы клиенттердің айналасына Marketplace пен lifestyle сервистері салынып жатыр.
Halyk SuperApp ішінде Halyk Market, Halyk Travel, Kino.kz, Halyk Invest, сақтандыру, мемлекеттік қызметтер, My Auto, My Home, My Health, e-Pharmacy сияқты бағыттар бар. Банктің 2025 жылғы есебінде Kundelik те экожүйенің бір бөлігі ретінде көрсетілген.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Halyk SuperApp-тың айлық белсенді аудиториясы 8,6 млн, күнделікті аудиториясы 2,8 млн, ал бір айда кемінде бір транзакция жасағандар саны 6,1 млн адам болды. Бірінші жартыжылдықта қосымша арқылы 234,7 млн төлем мен аударым жасалып, олардың жалпы көлемі 10,5 трлн теңгеге жетті.
Halyk Market те бөлек бағытқа айналып келеді. 2025 жылы оның GMV көрсеткіші 123,6 млрд теңге, айлық белсенді аудиториясы 3,7 млн адам болды. Marketplace-тегі тауар саны 5,5 млн SKU-ға, серіктестер саны 18,5 мыңға жеткен.
Halyk-тың тағы бір ерекшелігі — экожүйе жеке тұлғалармен шектелмейді. Onlinebank пен OnlineDuken арқылы ШОБ пен корпоративтік клиенттерге де жеке цифрлық орта құрып жатыр.
Оның моделін шартты түрде былай көрсетуге болады:
жалақы/депозит → төлем → несие → Market → Travel/Kino → сақтандыру/инвестиция
Яғни Halyk үшін экожүйе жаңа клиент іздеуден бөлек, бұрыннан бар үлкен банк аудиториясына көбірек қызмет ұсынудың құралы.
Freedom: банктен әлдеқайда әрі кеткен модель
Freedom-ның бағыты бұлардан өзгеше. Оның айналасында бір ғана банк емес, бірқатар бөлек компания бар.
Экожүйеге Freedom Bank, Freedom Broker, Freedom Insurance, Freedom Life, Freedom Travel, Freedom Pay, Ticketon, Arbuz, Freedom Drive, Freedom Mobile және Freedom Telecom кіреді. Компанияның соңғы есептерінде Naimi, цифрлық дәріхана және Freedom Media да SuperApp-пен байланыстырылған.
Сондықтан Freedom қолданбасының ішінен банк картасын ашып қана қоймай, инвестициялық шотты бақылауға, сақтандыру сатып алуға, ұшақ немесе пойыз билетін алуға және басқа lifestyle сервистерге өтуге болады. Freedom SuperApp бір аккаунт арқылы осы қызметтерді біріктіруге құрылған.
2026 жылғы 30 маусымда Freedom Holding-тің банк, брокерлік, сақтандыру және басқа сегменттеріндегі клиенттер саны жиынтық есеппен 8,74 млн-ға жетті. Соның ішінде Freedom Bank клиенттері 5,45 млн адам болды. Бұл жерде бір адам бірнеше сегментте есептелуі мүмкін, сондықтан көрсеткішті Kaspi немесе Halyk-тың MAU-ымен тікелей салыстыру дұрыс емес.




