2025 жылы елдегі ТОП-50 ірі салық төлеушінің жиынтық төлемі шамамен 11,1 трлн теңгеге жетті. Бұл тізімде мұнай-газ компанияларының үлесі айқын басым. Инфографикадағы деректерге сүйенсек, ТОП-50 компания төлеген салықтың шамамен 64%-ы мұнай-газ және мұнай өңдеу секторына тиесілі.
Тізімде ең ірі салық төлеуші — Теңізшевройл. Компанияның төлемі 3,6 трлн теңгеге жуықтады. Одан кейін Қарашығанақ жобасы келеді. Жалпы мұнай-газ секторындағы компаниялар ТОП-50 тізіміндегі басқа салалардан бірнеше есе көп салық төлеген.
JaiSandar Analytics
2025 жылғы ТОП-50 салық төлеуші
Ірі компаниялардың 2025 жылғы салық төлемдері, млрд теңге
Тау-кен секторы екінші орында
Салық көлемі бойынша екінші ірі бағыт — тау-кен, металлургия және уран өндірісі. Бұл сектордағы компаниялардың жиынтық төлемі шамамен 2,1 трлн теңге, яғни ТОП-50 көлемінің 19%-ға жуығын құрайды.
Мұнда KAZ Minerals кәсіпорындары, Қазақмыс, алтын және уран өндіруші компаниялар бар. Сектордың ерекшелігі — салық төлемдері бір ғана ірі компанияға емес, бірнеше кәсіпорынға бөлінген.
Банктер мен Kaspi де ТОП-50 ішінде
Қаржы және цифрлық сектордың жиынтық төлемі шамамен 765 млрд теңге болды. Бұл топқа Halyk Bank, Kaspi Bank, Kaspi Магазин, Банк ЦентрКредит және БЖЗҚ кірді.
Олардың ішінде ең ірі салық төлеуші — Halyk Bank. Ал Kaspi экожүйесінің екі компаниясы жеке-жеке ТОП-50 тізімінен орын алған.
Басқа салаларда кімдер бар?
Инфрақұрылым, байланыс және көлік секторында газ құбыры операторы, Қазақтелеком, ҚТЖ, Beeline, KEGOC және Самұрық-Қазына секілді компаниялар бар.
Ал тұтыну нарығы мен сауда тобында JTI Kazakhstan, Philip Morris және Toyota Kazakhstan секілді компаниялар ерекшеленеді.
Жалпы деректер Қазақстандағы ірі салық түсімдерінің әлі де шикізат секторына қатты тәуелді екенін көрсетеді. Мұнай-газ және тау-кен компанияларын бірге есептегенде, олардың үлесі ТОП-50 компания төлеген салықтың 80%-дан астамын құрайды.




